Сайт Меркенского района
Четверг, 25.04.2024, 15:07
Меню сайта
  • Главная страница
  • О Мерке
  • Новости Мерке
  • Архив историй и новостей
  • ФОТОАЛЬБОМ
  • Организации в Мерке
  • Погода по Казахстану
  • Казахстан
  • Карта Казахстана
  • История Казахстана
  • Святилище Мерке
  • Путешествия
  • Из истории
  • Форум
  • Поиск работы в Мерке
  • Онлайн Магазин(Объявления)
  • Гостевая книга
  • МЕРКЕНСКИЙ ЧАТ
  • ДОСКА ОБЪЯВЛЕНИЙ
  • Каталог сайтов
  • Обратная связь
  • ТЕЛЕФ.СПРАВОЧНИК
  • Гороскоп на каждый день
  • ФАЙЛОВЫЙ ХОСТИНГ
  • Скачать
  • Великие люди
  • Поэзия
  • ҒАЖАБ-наша Меркенская Марка
  • Домен 2-го уровня Бесплатно
  • Онлайн Тесты
  • Карта Мерке
  • Правила использования сайта
  • Забыл пароль ICQ
  • Мини-чат
    Наш опрос
    Верите ли вы в конец света 21 декабря 2012
    Всего ответов: 98
    Главная » 2008 » Сентябрь » 27 » Түркілердің қасиетті ескерткіштері Шу өңірінен табылды
    Түркілердің қасиетті ескерткіштері Шу өңірінен табылды
    20:23
    Жамбыл облысы, Шу өзенінің аңғарында VІІ-VІІІ ғасырларда Батыс Түрік қаға­натының орталықтары болған, түркі дәуірінен бізге жеткен, бай мәдени-тарихи мұралар – Жайсан және Мерке түрік ғибадатханалары бар. Жайсан және Мерке түрік ғибадатханалары Қазақстан территориясында орналасқан әйгілі ескерткіштер ретінде “Мәдени мұра” тізіміне ұсынылған. Қазірде Жайсан және Мерке түрік ғибадатханала­рындағы түрік ескерткіштерін кешенді зерттеу жұмыстары түркі мұраларын зерттеу және сақтау бағдарламасы бойынша жүргізілуде.

    Ата-бабаларымыздың тарихын бұрмаламай, қаз-қалпында бүгінгі ұрпаққа жеткізу тарихшы-археологтардың, этнографтардың алдында тұрған жауапкершілігі зор, үлкен міндет. Дегенмен, түріктердің мұрасын зерттеуде ұзақ жылдар бойы шындыққа қайшы келетін ғылыми пікірлер қалыптасты. Сондай пікірлердің бірі Қазақстанның ортағасырлық тарихына байланысты оқулықтар мен энциклопедияларда, ғылыми монографияларда орын алған. Аталған басылымдарда орта ғасыр кезеңінде, дәлірек айтсақ, 551-552 жылдары түрік этносы алғаш Алтай өңірінен келіп, Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан территориясын жаулап алған деген мәліметтер әлі күнге дейін сақталған. Сонымен бірге түріктердің ежелгі отаны Алтай мен Монғолия деп көрсетіледі. Бірнеше жылдар бойына жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесі бұл ғылыми пікірлердің шындыққа жанаспай­тындығына дәлел болып отыр. Шындығында көшпелі түріктердің ірі мемлекеті – Түрік қағанаты 551 жылы құрылған. Көшпелі түріктердің алғашқы мемлекетінің құрылымы конфедерация болды. Яғни, мемлекет екі дербес қағанаттан тұрды. Бұлардың бірінің орталығы Алтайда орналасса, екіншісі Жетісуда еді. 

    Көптеген жылдар бойына Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының кешенді археологиялық экспедициясы Мерке өңірі мен Жайсан даласына археолог Айман Досымбаеваның басшылығымен зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Осы киелі өңірдің ескерткіштерін арнайы зерттеудің өзіндік үлкен себебі бар. Ортағасырлық жазба мәліметтерге сүйенсек, дәл осы аймақ Батыс Түрік қағанатының орталығы болған. Барлық түркі тайпалары он тайпа немесе он оқ тайпасына бөлінген. Ежелгі қытай деректері мен түркілердің руникалық жазбаларында “он оқ халқы” – “он оқ будун” деп аталады. Он оқ тайпаларының территориялық иеліктерінің орталығы Шу өзенінің алқабы болған. Бұл жерлерде жазба деректерге сүйенсек, Батыс Түрік қағанатының орталықтары: Суяб, Баласағұн, Мерке қалалары орналасқан. 630 жылы Шу өңіріне саяхатпен келген Сюань Цзань: “Суябтан батысқа қарай ондаған қоршалған қалалар орналасқан. Олар біріне-бірі тәуелсіз болғанымен, барлығы да түрік қағанына тәуелді болды” – дейді. Сондай-ақ, Шу өзені алқабында түркілердің киелі мекені Мыңбұлақтың орналасқандығы жайлы мәліметті Ю.Зуев та береді. Бұл мәліметті растайтын жазба деректер де бар. Солардың бірі кытай саяхатшысы Сюань Цзань түркі қағанының ордасы Мыңбұлақ жайында әңгіме қозғайды: “Жаздың аптап ыстығының өзінде бұл жердің ауа райы қоңырсалқындығымен ерекшеленіп тұрады. Түрік қағаны қалың елімен жаз айларында жайлауды елорда етті. Мұнда мойындарына қоңырау тағылған бұғылар өте көп. Бұғылардың адамдарға үйренгені соншалық, оларды көргенде селт етпейді де. Түрік қағаны бұғыларды бақылағанды ұнатады. Тіпті, осында мекендейтін бұғылардың барлығын санап, бұларды өлтіруге тыйым салған. Кімде-кім бұғыларды өлтірсе, аяусыз өлім жазасына кесілетіндігі жайында жарлық та шығарған”. Шу өзені өңірінде мұндай киелі қорық тәрізді мекеннің бар екендігін араб авторлары да мәлімдейді. 

    Мерке түрік ғибадатханасы – ортағасырлық түркілердің мәдени-ғұрыптық кешені. Бұл аймақтағы кешенді ескерткіштер тобын – жерлеу орындары – қорғандар, қорғандардың маңында кездесетін ғұрыптық қоршаулар, тас мүсіндер, балбал тастар, жартастардағы суреттер мен рулық таңбалар және қойтастарда кездесетін ойма жазулар құрайды. 

    Мерке ғибадатханасына бірнеше жылдардан бері жүргізілген археологиялық жұмыстардың нәтижесі мұндағы тас мүсіндері бар ғұрыптық ескерткіштер негізінен мүсіндердің иконографиялық түріне жақындығын көрсетті. Ғибадатханадағы мүсіндерде жеке тұрған әйел немесе ер адам бейнесі бейнеленген. Меркелік тас мүсіндерде қолдарына ыдыс ұстаған әйел мүсіндері барынша мәнермен өңделген. Егер мүсінде егде әйел бейнесі сомдалса кимешегі, келіншек бейнесі сомдалса сәукелесі, әшекейлері анық көрсетілген. Мүсіндердегі бас киімдер мен көкірегіне тағылған әшекейлеріне қарап, әйел адамның жасын және қоғамдағы әлеуметтік статусын ажыратуға болады.

    Мерке ғибадатханасындағы әйел адамдарына арналған тас мүсіндердің орналасуы, бейнелену ерекшеліктері көшпелі түрік қоғамында әйелдің ерлермен теңдей дәрежеде болғандығын аңғартады. Сонымен бірге мұнда түркілердің еркектік бастаумен бірге, Ананы — ұрпақ жалғастырушы ретінде тану сияқты, терең тамырлы көшпелілердің идеологиясы жатыр. 

    Түркілер мәдениетінің ерекше бір түріне руникалық жазба ескерткіштер жатады. Түркілердің құпия жазбаларының ашылуы орта ғасырдағы көшпенді түріктердің дүниетанымын тануға мүмкіндік береді. Көне түріктік ойма жазулар соңғы жылдары Қазақстан мен Орта Азия территориясынан көптеп табылып отыр. Қазақстан жерінен табылған (Ертіс, Талас, Шу өзенінің аңғарлары) руникалық жазба ескерткіштерді Мерке ғибадатханасынан табылған қойтастардағы ойма жазулар толықтырады. Бұл руникалық жазулар түркі мемлекеттерінің өмір сүру дәуірімен тікелей байланысты. 

    Мерке өңірінен бүгінгі таңда үш ойма жазу табылып отыр. 2000 жылы шілде айында табылған бірінші ойма жазу – “Мұң тарқатар жазу” көне түрік кезеңіне жатады. Бес руникалық таңбадан тұратын бұл көне түрік жазуын профессор А.Аманжолов түрікше “бұ қыл йас” деп оқыды. Қазақша баламасы “Мұңым-күйзеліс” (күйреу), екінші баламасы “Мұңымды тарқат”, “Шерімді жаз!” деген мағынаны білдіреді. Ғалымдар бұл қойтастағы жазудың хронологиялық уақытын көне түркі заманының соңғы ширегі деп болжайды. 

    “Көне түріктердің көк тәңірге тасқа ойып жазған тілегі” 2004 жылы тамыз айында табылды. Ғажайып таңбалары бар қойтастың ұзындығы 4 м, ені 2 м. Жазудың өзі тасқа терең етіп ойылған ерекше үш таңбадан тұрады. Әр таңбаның биіктігінің өзі жарты метр шамасында. Таңбаларды зерттеу нәтижесінде түрік жазуының оңнан солға қарай оқылатыны анықталған. Бір ғажабы, жазу жоғарыдан, яғни көк аспаннан оқуға арналған тәрізді. Мұндағы жазу “абыну” немесе “абынғу” деп оқылды. Ол уану, жұбану деген мағына береді. Бұл сөздің түбірі – көне түрік етістігі абын-қазақ тілінде уан түрінде осы күнге дейін сақталған. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл қойтастағы көне руникалық жазу көк тәңірге арналған. Қойтастың жоғарғы жағындағы ойықтар мен тастың үлкендігін ескере отырып, бұл аймақты ғалымдар, осы өңірді мекен еткен көне түрік тайпаларының құрбандық шалуға арналған айрықша қасиетті де, киелі орны деп отыр. 

    Қазақстан жеріндегі Шу өзені алқабындағы Мерке өңірінен табылған келесі жаңалық 2005 жылы болды. Қойтасқа ойып жазылған үшінші руникалық жазу екі таңбадан тұрады. Оның көне түрікше оқылуы ық “ық жер” дегенді білдіреді. Бұл көне руникалық жазуды оқыған профессор А.Аманжоловтың айтуы бойынша, қойтастағы жазу жайлаудағы ызғар желден, жауын-шашыннан пана болатын жерді белгілеп, көрсетіп тұрғандай.

    Батыс Түрік қағанатының астанасы маңынан тек руникалық жазулар ғана емес, қалашықтан бастап қоныс орындары, обалар, тас мүсінді культтік құрылыстар, стелалар, петроглифтер, алтарьлар, таңбалар табылып отыр. Бұлардың барлығы да бүгінгі таңда мемлекет бақылауына алынуда және зерттелу үстінде.

    “Мәдени мұра” тізіміне ұсынылған келесі бір тамаша ескерткіш – Мерке ғибадатханасының солтүстік жағындағы Жайсан ғибадатханасы. Бұл ортағасырлық түріктерден қалған мәдени – ғұрыптық кешен. Ғибадатханадағы ескерткіштерді зерттеу және сақтау жұмыстары 2001 жылдан бастап қолға алынды. Мұнда ескерт­кіштердің негізгі бөлігі орналасуына қарай бір заңдылыққа негізделген. Яғни, жерлеу құрылыстары кешеннің батыс бөлігінде орналасса, ғұрыптық құрылымдар кешеннің шығыс бөлігіне шоғырланған. Тек сирек жағдайда ғана қоршаулар қорғандардың ортасында немесе культтік кешендердің батыс бөлігінде орналасқан. Жайсан ғибадатханасының құрамдас бөлігі болып табылатын түріктердің өнер туындылары мемориалдың оңтүстік батысына жақын аралыққа шоғырланған. Мұндай өнер туындыларына тас мүсіндерде және стелаларда, сондай-ақ жартастарда кездесетін рулық таңбалар, петроглифтер т.б. жатады. 

    Ғибадатханаға жүргізілген барлау жұмыстары кезінде басқа да көптеген құнды заттар табылды. Бір айта кететін жайт, археолог Айман Досымбаеваның пайымдауынша, ғибадатхананың ескерткіштерінде кездесетін ромб үлгісіндегі таңба әшекейліктен басқа бойтұмар ретінде қызмет атқаратын киелі сипатқа ие болған. Қазақ этнографиясында қазіргі күнге дейін ромб түріндегі таңбаны еске түсіретін тұмар тағу сақталған. Жартастарда салынған ромб түріндегі тұмар-таңбалар функционалдық мағынада Жайсан ғибадатханасының киелі жерінің шекарасын белгілеу үшін қызмет еткен болса керек.

    Ғибадатхананың тас мүсіндерінде, сондай-ақ жартастарында кездесетін дөңгелек үлгідегі таңбалардың семантикасын археолог Айман Досымбаева күн культімен байланысты деген болжам айтады. Тас мүсіндер мен жартастарда суреттелген дөңгелек таңбаларды Ұлы жүздегі Дулат тайпасының рулық белгісімен салыстыру өте нәтижелі болып отыр. 

    Жайсан ғибадатханасында кездесетін ескерткіштердің барлығы да орындалу стилі жөнінен және мазмұны жағынан Мерке ғибадатханасындағы ескерткіштерден көп ерекшеленеді. Жайсан мемориалдарын салған шеберлер түріктердің монументтеріндегі бейнелердің толық спекторын көрсете отырып, мүсіндер арқылы жауынгер мен абыздың, әлеуметтік үстем тап өкілдерінің, ғұрыпты өткізу рәсіміндегі қызметшілердің бейнелерін көрсетуге тырысқан. Ғибадатханалардағы кездесетін көптеген айырмашылықтарды талдап, зерттеудің нәтижесі, Мерке ғибадатханасы бұрыннан қазақ даласында орналасқан батыс түріктердің ерекше ғұрыптық кешені, ал Жайсан ғибадатханасын Батыс Түрік қағанаты құрылғаннан кейін жүз жыл өткен соң, 8 ғасыр көлемінде батыс түрік тайпаларының жеріне келген шығыс түріктері құрғандығын көрсетіп отыр. Қайткен күнде де өзінің әлеуметтік-саяси құрылымы бойынша қоснегізді этнографиялық тұрмысы, яғни Орталық Азияның көптеген түрік тайпаларын құрамына енгізген Шығыс және Батыс бөліктері екі түрік әлемін – Шығыс және Батыс ареал тайпаларының мәдени арқатынасын көрсетеді. Тағдырдың жазуымен қасиетті Батыс Түрік қағанатының орталығында екі түрлі түрік әлемінің мәдениеті қосылған және Жайсан мен Мерке ғибадатханалары ұрпаққа мұра ретінде қалды. 


    Авторы: Назгүл КӘДІРІМБЕТОВА, Бану ЕСБЕРГЕНОВА, Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының ізденушілері.

    Просмотров: 5299 | Добавил: ADMIN | Рейтинг: 2.8/6 |
    Всего комментариев: 0
    Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
    [ Регистрация | Вход ]
    Форма входа
    Календарь
    «  Сентябрь 2008  »
    ПнВтСрЧтПтСбВс
    1234567
    891011121314
    15161718192021
    22232425262728
    2930
    Поиск
    Друзья сайта
    Статистика

    Онлайн всего: 1
    Гостей: 1
    Пользователей: 0
    Copyright MyCorp © 2024